Демалыс күндері СҚО-да демалыс базасы жұмыс істеген: 230 АЕК дейін айыппұл салынады
Демалыс күндері СҚО-да жұмыс істеген демалыс базасының иесіне 230 АЕК дейін айыппұл салынады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күшейтілген шектеу шаралары енгізілген үш күнде СҚО полицейлері карантинді бұзғаны үшін 74 материал ресімдеді. Бұл күндері шектеулердің сақталуын тексеру бойынша арнайы құрылған жұмыс топтары жұмыс істеді. Қызылжар ауданында прокуратура, полиция, ТЖ және жергілікті атқарушыбилік өкілдерінен тұратын жұмыс тобы жүргізген мониторинг барысында демалыс аумақтарының бірінде карантинді бұзу фактісі анықталды. Бұл жерде тыйымға қарамастан, қала тұрғындары екі жалдамалы үйде демалған. Демалысты тоқтатуға тура келді. Сағаттап жалға ұсынатын екі жеке моншаның иесі де енгізілген шектеу шараларын елемеген. Қала тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік материал жиналды.
Жалпы өткен аптада учаскелік полиция инспекторларымен карантинді бұзу фактілері бойынша 150-ден астам материал жиналған. Індет жұқтырған кезде үйде оқшаулану, бетперде тағу режимін сақтамағандары, аса қажетсіз жүргендері үшін қала тұрғындары әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Кейбір дүкендерде сатушылардың бетперде тақпай, қолғапсыз жүргені анықталды. Санитарлық нормаларды сақтамаған такси жүргізушілеріне де қатысты материалдар жиналды. Кәсіпкерлер де карантинді бұзған. Азық-түлік емес тауарларды сататын сауда орындарының жұмысын тоқтатпағандарға қатысты әкімшілік материалдар жинастырылып, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментіне жіберілді.
– Барлық жиналған материалдар бойынша сот шешімі қабылданатын болады. Қазіргі уақытта біз облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын сақтауға бағытталған күшейтілген түсіндіру жұмысын жүргізудеміз. Осындай қиын кезде азаматтардың тәртібі, қолдауы тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері болып табылады, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.