Департамент бастығы азаматтарды онлайн қабылдады
СҚО Полиция департаментінің басшылығы өткен жылы 3169 жазбаша өтінішке жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы жаңа жылда алғаш рет азаматтарды қабылдады. Департамент бастығы сегіз азаматпен онлайн жүздесті. Олардың басым бөлігі қылмыстық істерді тергеу бойынша сұрақтармен жүгінді.
Полиция қатарында қызмет етуге ниет білдірген өңірдің үш тұрғыны жұмысқа тұру бойынша сұрақтар қойды. Сұрақтарды қарастыру барысында ведомство басшысы бүгінгі таңда полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптарға баса назар аударып кетті. Оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді әділ өткізу, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету, халыққа көмек көрсету, барлық өтініштерге жауап беру сияқты талаптар аталды.
Өткен жылы Полиция департаменті басшылығының атына 3169 жазбаша өтініш келіп түсті. Ведомство басшысының жеке қабылдауында екі жүзден астам азамат болды. Сондай-ақ облыс тұрғындары ішкі істер органдарына қатысты өтініштерін әлеуметтік желілерге орналастырып, жауап алуда.
– Еліміздің Президенті өз Жолдауында адамдармен ашық диалог жүргізудің маңызды екендігін баса айтты. Бүгінде осындай диалог алаңдарын ведомство қабырғасында ғана өткізумен шектелмейміз. Қолданылатын интернет-платформалар мен басқа да электронды ресурстар мұндай диалогтарға жеделділік пен ашықтық береді. Келіп түсетін азаматтардың өтініштерін, толық әрі жан-жақты жауап ұсына отырып, уақтылы және сапалы қарау жеке бақылауда, – деді полиция ведомствосының басшысы Марат Төлебаев.
Естеріңізге сала кетсек, СҚО ПД бастығы азаматтарды сәрсенбі күндері қабылдайды. Қабылдау онлайн режимде жүргізіледі. Қабылдауға 39-40-20 нөмірі арқылы алдын ала жазылуға болады.