Діни ағым жақтаушыларының қатысуымен жасалған 30-дан астам қылмыс ашылды
Түркістан облысының полицейлері деструктивті діни ағым жақтаушыларының қатысуымен жасалған 30-дан астам қылмысты ашты,-деп хабарлайды Polisia.kz.
2019 жылы Түркістан облысы Полиция департаментінің полиция қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың қатысуымен 34 қылмысты ашты. Оның ішінде діни араздықты қоздыруға, жеке мүлікті ұрлауға, есірткі құралдарын өткізу мен сақтауға және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар болған.Діни тәжірибесін жасырып, заңсыз медициналық қызмет пен емшілік жасаған дерегі анықталды. Аталған кезеңде тәртіп сақшыларымен деструктивті діни ағымдарды ұстаушы 567 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Олардың 16-ы діни сипатты бұзғаны үшін құрықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты 5 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Былтыр Түркістан облысы Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаумен айналысатын адамдарды ұстау бойынша бірқатар арнайы операциялар жүргізді. Тінту кезінде күдіктілерден ұялы телефондар, діни мазмұндағы баспа әдебиеті және компьютерлік техника тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеудің барлық материалдары
айыптау актісімен сотқа жолданды .