«Диплом алып беремін»: шымкенттік тұрғын 200 мың теңгесінен айырылды
Шымкенттік тұрғын диплом сатып аламын деп, 200 мың теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданды Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс азамат Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірі арқылы диплом жасап беретінін айтып әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 196 000 теңгесін алған. Алайда арада уақыт өтсе де не диплом, не ақшасын кері қайтарып ала алмаған.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Жедел-тергеу тобы арызданушы азаматшаның жауабына сәйкес жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары азаматтың жеке басын анықтап, оны Әл-Фараби АПБ-на жеткізді.
Тергеу кезінде белгілі болғандай, алаяқтық жасаған азамат сенімге кіріп, жәбірленушінің ақшасын алғанын мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның осыған ұқсас басқа да алаяқтық жайттарына қатысы бар-жоғы анықталуда.