Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда курьерлік жеткізу жәшіктері нөмірленетін болады

Алматыда курьерлік жеткізу жәшіктері нөмірленетін болады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Курьерлік қызмет көрсететін компаниялардың басшылары осындай шешімге Алматы қалалық ПД ғимаратында өткен бірқатар жұмыс кездесулерінің нәтижесінде келді.

– “Яндекс” пен “Chocofood” өкілдері алғашқылардың бірі болып кез келген заң бұзушылыққа жол бермеу үшін курьерлерді тәртіпке шақырды. Шешімдердің бірі – курьерлердің жұмыс жәшіктерін міндетті түрде нөмірлеу болды. Оның үстіне келісім бойынша бұл сан әр қырынан анық көрініп, қараңғыда да көрінуі керек. Өкінішке орай, біздің тәжірибемізде оқиға орнынан жасырынған жеткізушілердің қатысуымен болған оқиғалар көп. Енді куәгерлер жәшікте көрсетілген нөмірді айта алады – бұл маңызды бастапқы деректер, – деп түйіндеді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Полицейлер қазірдің өзінде кейбір курьерлік компаниялармен меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

– Соңғы жылдары қаламыздың жолдарында мопедтер, мотоциклдер мен скутерлер көптеп пайда болды, сондықтан олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбеюі байқалады. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – көлікті дұрыс жүргізбеу, арнайы қорғаныс құралдарының болмауы, көлік жүргізу қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Көліктің бұл түрін пайдаланатын курьерлер көбейіп кетті, олар табыстарын көбейту мақсатында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға жиі жол беріп, күндіз-түні қала жолдарымен жүреді, – деді полковник Алмасбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру