Шымкент тұрғыны онлайн-саудада алданып қалды
Түркістан облысында полиция қызметкерлері онлайн-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданып, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатып аламын деп алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, ол «WhatsApp» мессенджері арқылы «Камаз» автокөлігінің дөңгелегін сату туралы хабарландыруды көрген. Содан жәбірленуші ер адам сатушымен хабарласады. Сатушы болса, хабарласқан тұрғынның сеніміне кіріп, 20 дана дөңгелекті 800 мың теңгеге сатуға уәде берген. Алайда, жәбірленуші сатушыға 200 мың теңгеге жуық қаржы аударғаннан кейін, алаяқ уәдесін орындамай, жоқ болып кеткен.
Аталған жайт полиция қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, күдіктіні ұстау бойынша қажетті шаралар қолға алынды.
Қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысына сәйкес Кентау қаласының полиция қызметкерлері күдіктіні көрші облыстан ұстады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Кентау ҚПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жігіттің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтайды.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтарға алданбау үшін мұқият болуға және тым сенгіш болмауға кеңес береді. Қоғамда кеңінен таралған алаяқтық әдістерінің бірі онлайн және әлеуметтік желілерде тауарларды сату туралы хабарландыруларды орналастырумен байланысты. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын төмен бағамен және тиімді ұсыныстармен тартады және ақша қаражатын алдын ала аударып, төлем жасауды талап етеді.
Ғаламтор арқылы сатып алу кезінде ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Егер сатушы оған сатып алынған тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді талап етсе, бейтаныс адамға сенуге қаншалықты дайын екеніңізді ойлаңыз. Бейтаныс адамдарға Төлем жүйелері арқылы ақша аударсаңыз, оларды қайтару кепілдігіңіз жоқ екенін есте сақтаңыз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болған болсаңыз, онда тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.