Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік дөңгелегін ұрлаған күдікті қолға түсті

Түркістан облысының полицейлері көлік доңғалағын ұрлаған жас күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының тұрғыны аудандық полиция бөліміне ауласында тұрған көлігінің жаңа төрт бірдей доңғалағының ұрланғанын айтып, арыз жазады. Жәбірленушіге келтірілген залал көлемі 150000 теңгені құрайды.


Арыстық полицейлер аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша тіркеуге алып, тергеп-тексеру әрекеттерін бастап кетеді. Осылайша куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, тексеру жұмыстары атқарылады. Іздестіру шаралары жүргізіліп жатқан сәтте жәбірленуші өзге бір көліктен өзінің көлігінің ұрланған доңғалақтарын байқап қалып, полицейлерге хабар береді.

Оқиға орын алған жерге жедел жеткен полицейлер тексеру жүргізіп, күдіктінің ұрланған доңғалақтарды өзге адамға арзан бағада сатып жібергенін анықтайды. Доңғалақтарды сатып алған адамның айтқан белгілеріне сәйкес күдіктіні тез арада қолға түсірді.


Белгілі болғандай күдікті жас жігіт өзінің көлігіне қаражат керек болғандықтан, оңай жолмен табыс таппақшы болып, аулада тұрған бөтен көліктің доңғалақтарын шешіп алып, танысына сатып жіберген. Полицейлер тәркіленген доңғалақтарды заңды иесіне қайтарды. Ал күдіктіге қатысты тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Күдікті жас жігіт бұрын соңды сотты болмаған. Қазіргі таңда қолхатпен босатылды.


Өз кезегінде жәбірленуші қырағылық танытып, істі жедел ашқан полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізді.


Түркістан облысының полицейлері мүліктің қауіпсіздігі мақсатында облыс тұрғындары мен қонақтарына автокөлік салонында бағалы заттарды қалдырып кетпеуге және көлікті күзетілетін арнайы тұраққа қойып, дабыл жүйесін орнатуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру