"Дроптар" арқылы жасалатын алаяқтық: ІІМ азаматтарды сақ болуға шақырады
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтық схемаларға қатысу әрекеттері үшін жауапкершілік барын ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Жеңіл әрі жылдам ақша табуға үміттеніп, кейбір азаматтар қылмыстық және азаматтық жауапкершіліктің барын білместіктен, алаяқтарға көмектесіп, "дропперлерге" айналып жатады. 2024 жылы 1200-ден астам "дропперге" қатысты сот үкімі шықты. Олардың банк карталары арқылы алаяқтардың шоттарына аударылған 1,3 млрд теңге өндірілді, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Бұдан басқа, қылмыстық схемаларға қатысқан 56 адам интернет-алаяқтық жасауға көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға, оңай ақша табу туралы ұсыныстарға сенбеуге, күдікті әрекеттер туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.