Дұрыс таңдалған мамандық – мансапқа жетелер жол
8-наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайт редакциясы оқырмандарды құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстырады.
Қай салада болмасын, жұмыстың тиісті дәрежеде орындалуы, оның сапалылығы мен нәтижесі кадрларына байланысты екені жасырын емес. Қазіргі таңда нәзік жанды арулар да полиция қызметкерлерінің қатарын жыл сайын толықтырып келеді. Өз еліне адал қызмет етуші азаматшалар-еліміздің болашағы, еліміздің тыныштығы үшін жұмыстар атқаруда.
Солардың бірі-кадрларды таңдау жұмысының Қарағанды қаласы полиция басқармасының Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің кадрларын жасақтау жұмысымен айналысатын кадр саясаты тобының аға инспекторы полиция капитаны Жанар Балаубекова.
Қарағанды қаласының тумасы Жанар Төлеуқызы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін гуманитарлық пәндерге деген қызығушылығын одан әрі дамыту үшін Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдері факультетіне оқуға түседі. Осы жерде оқып жүріп, ата-анасының жолын қуып, 2009 жылы Қарағанды облысының мамандандырылған Күзет қызметі басқармасы полиция батальонына қызметке орналасады. 4 жыл бойы Полиция батальонының полицейі болып жұмыс істейді. Полиция қатарынан полиция аға сержанты атағына дейін жетіп, 2013 жылдың шілде айында мамандандырылған Күзет қызметі басқармасы кадр жұмысы бөлімінің инспекторы болып ауысады. 2018 жылдың мамыр айынан Қарағанды қаласының полиция басқармасы Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі кадр саясаты тобының аға инспекторы болып тағайындалады. Міне, 7 жылдан астам уақыт ішінде ішкі істер органдарының кадрлық саясатын іске асыру жұмысымен айналысуда.
«Ата-анам Қарағанды облысының мамандандырылған Күзет қызметі басқармасынан 2010 жылы зейнеткерлікке екеуі бірге шыққан болатын. Мен де олардың салған сара жолымен ішкі істер органдарында қызмет етіп келемін. Студент болып оқып жүрген кезімде анам маған әскери жарғы бойынша қызметтегі әйел адамның жүріс-тұрысы туралы көп айтатын. Атағы жағынан жоғары тұрғандарға көрсетілетін құрмет, жалпы қызметкерлер арасындағы іскерлік қарым-қатынас туралы жиі еститінмін. Шынын айту керек, сол берген өсиетті сөздері мен өнегелі тәрбиесі мені осы күнге жеткізді», – деп полиция капитаны еңбек жолына келу сәтімен бөлісті.
Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінде 200-ге тарта полиция қызметкері қызмет атқарса, олардың лауазымға тағайындалуы, қызметтен босатылуы, ауысуы, алғашқы және кезекті арнаулы атақтары, құпия және аса құпия құжаттармен жұмыс істеу рұқсаттары, «Мінсіз қызметі үшін» медальдары мен сыныптық біліктіліктері барлығы жалғыз кадр саясаты тобының мойнына артылған ауыр да жауапкершілігі мол жүк. Мектеп қабырғасының оқушылары мен колледж студенттері арасында ҚР-ның ішкі істер органдарында қызмет атқаруға шақыру бойынша үгіт-насихаттық жұмысы тағы бар. Ведомстволық оқу орнына түсуге ниет білдіріп келген үміткерлердің жеке істерін жинақтап, олармен түсіндірме жұмыстары да Жанар Төлеуқызының жауапкершілігінде. Нәзік жанды аруымыздың мойнына артылған жүк аз емес.
«Осы мамандықты таңдағаныма кейде өкінетін де сәттерім болады, кейде табиғатыма да жат сияқты көрінеді, алайда ата-анамның жолын жалғастырушы ретінде жауапты сияқтымын», – деп ағынан жарылды.Оңтүстік-шығыс полиция бөліміндегі кадрларының ағымы өте көп деп айтуға болады, тіпті апта сайын бір қызметкерлер басқа қызметке ауысып, бірі жаңадан қабылданып жатады. Бұл аракідік құбылыс емес, оған да етіміз үйренді», – деп қызмет бабындағы жұмыстармен бөлісті. «Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі жеке құрамының басым бөлігі жастар. Жалпы алғанда, бір байқағаным, жаңадан қызметке келгендер осында көп орналасады да, одан әрі қарай жоғарылап кете береді. Сондықтан бұл жер жаңа орналасқан қызметкерлеріне арналған тамаша мектеп десем-артық айтпағаным болар.