Екібастұз қаласының ПБ бастығы халыққа есеп берді
26 ақпанда Екібастұз қаласы Полиция басқармасының бастығы Василий Скляр Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің қатысуымен қала тұрғындарына есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Василий Скляр өңір полицейлерінің 2020 жылғы жедел-қызметтік жұмысын қорытындылай келе, қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 33%-ға, оның ішінде ауырлығы онша емес қылмыстар 51%-ға және ауырлығы орташа қылмыстар 44%-ға төмендегенін айтты. Өткен жылы қалада пәтер ұрлықтары мен алаяқтықтардың ашылуы жақсарған. Полицейлер аса ауыр қылмыстарды 100%-ға ашуға қол жеткізген. Жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға, олардың салдарынан зардап шеккендер саны 15%-ға азайған. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жол қозғалысына қатысушылардың тәртібінің төмендігі, жылдамдық режимін бұзу және қарсы жолаққа шығу болып қала беруде.
Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аударды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бөлігінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілгенін, пара берушілер мен олардың делдалдарына қатысты санкция қатаңдатылғанын, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынғанын атап өтті.
Кездесу барысында азаматтар өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауаптар алды. Сөз соңында Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов қала тұрғындарына өзекті мәселелерді талқылауға қатысқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.