Екібастұзда 217 ата-ана жауапқа тартылды
Екібастұзда жазғы демалыс кезінде 217 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полицияға жүктелген міндеттердің бірі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Жыл сайын жазғы демалыс кезінде жергілікті полиция қызметі ювеналдық инспекторларының жұмысы екі есе артады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 22.00-ден таңғы сағат 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуға, сондай-ақ түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде болуға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ.
Алайда, көбісі жоғарыда аталған ережелерді сақтамайды. Осыған байланысты Екібастұз қаласының Полиция басқармасы 217 жасөспірімнің ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырды.
Әр ата-ана баласының тәрбиесі мен мінез-құлқына ерекше назар аударуы керек, бос уақытында не істейтінін қатаң бақылауы керек. Бұл жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың төмендеуіне ықпал етеді.