Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицей оқушылармен жол қауіпсіздігі, буллинг туралы әңгімелесті

Екібастұз қаласындағы №26 мектеп-лицей аумағында қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары оқушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігі, буллинг, бопсалау, нашақорлық, лудомания секілді өзекті мәселелер туралы түсіндіріп, негізгі мінез-құлық мәдениеті, мопедтерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алу тәртібі жайлы ақпарат берді.

Бүгінде қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Әңгіме барысында полицей көктем-жаз мезгілінде көшеде өзін қауіпсіз ұстау ережелерін, жол қозғалысы тәртібін сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, жолда ойнауға болмайтынын, жаяу жүргіншілердің міндеттерін еске салды.

Жыл басынан бері өңірде 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 16 адам жарақат алған. Жолдардағы қауіпсіздік деңгейі бірнеше факторға байланысты. Бұл – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтауына тікелей қатысты.

Тәртіп сақшысы балалардың назарын ЖКО-лардың негізгі себептеріне аударды: белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне бағынбау, қарсы бағыттағы жолаққа шығу және жылдамдықты арттыру. Полицей жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі – жауапкершілік пен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау екенін баса айтты.

Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, полиция қызметкері нақты мысалдармен жауап берді. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған бейнеролик көрсетілді.

Аталған іс-шаралар ағымдағы жылдың 6 мамырына дейін жалғасатын “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілуде.

"Заң және Тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыты. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Құқық бұзғандар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру