Екібастұзда полицейлерден қашуға тырысқан мас жүргізуші ұсталды
Екібастұзда полицейлерден қашуға тырысқан мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 наурыз сағат 03.40 шамасында Екібастұз қаласы Мұхтар Әуезов көшесіндегі үйдің ауласында патрульдік полиция ВАЗ-2110 көлігін байқады. Оның жүргізушісі көлікті сенімсіз басқарған. Бұл күдік тудырды. Полиция көлікті тоқтату туралы дабыл берді. Полицейлер көлікке жақындаған кезде жүргізушінің көліктің артқы орындығына көшуге тырысып жатқанын көрді. Полицейлер бұл әрекеттерді бейнежетонға түсіріп үлгерді.
– Полицейлердің күмәнін дәрігерлер растады. Жүргізуші шынымен мас күйінде болды. Көлік құралы арнайы айып тұраққа қойылды. Ал 32 жастағы мас жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша хаттама жасалды. Сот қаулысымен құқық бұзушы 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылды, – деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының командирі Фаруз Күсембеков.
Айта кетейік, 2023 жылдың өткен кезеңінде Павлодар облысы бойынша полиция қызметкерлері 278 мас жүргізушіні анықтаған. оның 49-ы Екібастұз өңірінде. Әрбір бұзушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.