Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елбасының қолынан алғашқы шенін алған полицей қыз

Түркістан облысында Елбасының қолынан алғашқы шенін алған полицей қыз қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Іріктеу басталды. Академияның білім алушыларынан кәдімгідей тыныштық кеткен» – деп бастады өз әңгімесін полицей қыз Жазира. – Ең үздік деген 20 курсанттың ішінен тек екеуіне ғана алда болатын салтанатты шарада Президенттің қолынан шен алу мәртебесі бұйырады, – деген әңгіме тарауда. Бітіруші курсант ретінде барлығымыз да Елбасының қолынан шен алуға дәмеліміз. Бірақ іріктеуге қатысып, комиссия мүшелерінің алдында үздік екеніңді дәлелдеуің керек. Үмітім аз болса да, бағымды сынауға бел будым. Бірінші тур, екінші тур, осылайша кескін келбет пен түр-сипат, сөз сөйлеу шеберлігі мен мәнерлеп оқу, саптық жүріс тексерілетін бірнеше турдан сәтті өттім. Бірақ іріктеудің қорытындысы айтылмады. Бірнеше күннен соң белгілі болады – деді. Іріктеудің нәтижесі шыққанша ауылға қайтайын деп шештім. Оған қоса бәсекелестерімнің көптігін ескеріп, сабағыммен айналысып, күнделікті күйбең тіршілікпен іріктеуді ұмытып та кетіппін.
Бір күні достарымнан ұялы телефоныма «іріктеуден өттің» деген құттықтау хабарлар келе бастады. Ұстазымнан сұрасам, шынымен де мен жеңіп шығыппын. Алайда, кештеу біліп қалып, Астанадағы дайындық жұмыстарына қатыса алмадым. Отбасылық жағдайларыма байланысты іс-шара болатын күні әзер жеттім. Енді не болар екен… Елбасының алдында қобалжып қалмаймын ба, сөзімді ұмытып қалсам ше, ойымды сан түрлі ойлар жаулап алды. Дайындығым жоқ деп, өзімнің кештеу барғанымның салдарын айтып, ара-тұра кінәләп қоямын. Алайда асыға күткен тарихи сәттің де уақыты жетті.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев келіп шен табыстау рәсімі басталды. Кезек маған келді, ортаға шығып Елбасымыздың алдында сөз сөйледім. Мен де артылған үлкен сенімді сезінсем керек, аздап қобалжысам да сөзімді сөйлеп, саптық жүрісіммен жиналған көпшіліктің көңілінен шықтым. Сол мезеттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін менен асқан бақытты адам дәл сол жерде жоқ секілді көрінді. Сонымен ойламаған жерден Тұңғыш Президентіміздің қолынан алғашқы шенімді алдым.

 


Сарыағаштық сақшы, жас шенді ару Жазира Әшімтайқызы 2018 жылдың маусым айынан бастап Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Жазираның жан жары Нұрсұлтан Абдуалиев те осы бөлімде. Ол да полицей. Ерлі-зайыптылар күнде таңертең жұмысқа бірге келеді. Қос ғашық қоғам тыныштығын сақтауда табанды еңбек етіп жүр.

Бүгінгі Тұңғыш Президент күні мерекесімен, барша еліміздің тұрғындарын құттықтаймыз. Қазақстанымыз алға дами берсін, ешқашан соғыс болмасын, әлемді тек бейбіт өмір жайласын! Жазира секілді Елбасының алдында абыроймен шен алып, ер азаматтармен бірдей ел үшін қызмет етіп жүрген сақшыларымыздың қатары көбейсін! Мереке құтты болсын!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру