Еліміздің көлік полицейлері еріктілермен кездесті
Ағымдағы жылғы 14 қаңтарда Көліктегі полиция департаменті және Нұр-Сұлтан станциясы желілік полиция басқармасы қызметкерлері елордалық «Менеджмент және бизнес» колледжінің еріктілерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Кездесудің мақсаты – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еріктілермен бірлесе отырып атқаратын іс-шараларды талқылау, Қазақстан Республикасының Қылмыстық және әкімшілік заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстарды ортаға салу, сондай-ақ еріктілерді Ішкі істер органына қызметке шақыру, еріктілерге қолдау көрсету болып табылады.
Кездесу барысында Нұр-Сұлтан желілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Саят Сәтмұханбетов Заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгертулерді айтып, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыс жоспарларымен бөлісті. «Мемлекет басшысының «2020 жыл – Еріктілер жылы» деп жариялауы қоғамға керек қажеттілік. Халық тыныштығының ұйтқысына айналған тәртіп сақшыларының еріктілермен бірлесе жұмыс жасап, байланыс орнатуы – игілікті іске айналары сөзсіз. Полицейлерге деген халық сенімінің артуы осы игі шарамызды нәтижесі болғай»-деді, полиция подполковнигі.
Кездесу еріктілердің құқықбұзушылыққа байланысты бірнеше сұрақтарын қамтып, құқықтық білімдерін толықтырды. Мәселен, қоғамда жиі орын алатын қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар кеңінен талқыланып, олардың алдын алу бойынша бірнеше ұсыныстар қаралды. Оның ішінде ұрлық, түнгі уақыттарда кәмелет жасқа толмаған балалардың заңды өкілдерінсіз жүруі, темір жол аумақтарындағы орын алып жатқан оқыс оқиғалардың орын алу себептері, сондай-ақ түрлі ұсақ құқықбұзушылықтар туралы.
Өз кезегінде еріктілер Көлік полицейлерімен бірге алдағы уақытта профилактикалық түрлі іс-шараларға қатысып, қоғам игілігі үшін өз үлестерін қосатынын айтып, осы кездесуді ұйымдастырған полиция қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.