Елорда мектебінде қызмет бабында қаза тапқан полицейдің атына АӘД сыныбы ашылды
Астана қаласындағы № 58 мектеп-гимназияда алғашқы әскери даярлық сыныбына қызмет бабында қайтыс болған полиция қызметкері Самат Шоқановтың есімі беріліп, еске алу бұрышы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ашылу салтанатына Астана қаласы ПД Сарыарқа ауданы ПБ басшылығы қатысты.
Аталған іс-шара қызметтік борышын орындау барысында өмірін қиған тәртіп сақшысының іс-әрекетін мәңгі ұмытпау мақсатында ұйымдастырылып отыр және батырлықты еске ала отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор.
Самат Шоқанов ішкі істер органдарындағы қызметін 2011 жылдың мамыр айында бастады. 2012 жылдың қараша айынан бастап Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі лауазымына тағайындалды. 2014 жылғы 19 мамырда ол жедел-тергеу тобының құрамында кезекті кезекшілікте болған кезде қауіпті қылмыскерді ұстау барысында қызметтік міндеттерін атқару үстінде қаза тапты.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығымен әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Самат Шоханов қайтыс болғаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.