Елорда полицейлері өзгенің телефонын алаяқтықпен иемденген азаматты анықтады
Полицейлер алаяқтық жолмен бөтеннің телефонын иемденген 18 жастағы елордалықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасауға қатысы бар деген күдікпен 18 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында жас жігіт Қабанбай батыр даңғылындағы мешітте жәбірленушімен танысқаны белгілі болды. Екеуі бірнеше рет жұма намазына келгенде көрісіп, араларында жақсы әңгіме өрбіген. Осылайша қаскүнем жәбірленушінің сеніміне кіріп, «шұғыл қоңырау шалу керекпін, телефонымның қуаты таусылып қалды» деген сылтаумен одан телефонын бере тұруды өтінген.
Жігіт біреумен сөйлесіп тұрғандай кейіп танытып, гаджет иесі байқамай тұрғанда жайлап алыстап Redmi телефонын алып кетіп қалған. Алаяқтық жолмен иемденген телефонды ломбардқа өткізіп үлгерген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіт мойындау көрсетпелерін берді. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.