Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда полицейлері ұрлық қылмысына қатысы бар күдіктілерді анықтады

Елорда полицейлері ұрлық қылмысына қатысы бар күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұрлық қоғамдық немесе жеке меншікке қарсы жасалған қылмыстың қатарына жатады. Жәбірленуші мен басқа адамдар байқамайды деген сеніммен кейбір адамдар оңай ақша табу мақсатында теріс жолға түсіп жатады. Бұл жолдың соңы – жаза. 

19 жастағы азамат көліктен телефон ұрлаған

Нұра ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында автокөліктен ұрлық жасады деген күдікпен 19 жастағы азаматты анықтады. Тергеу барысында анықталғанындай, жас жігіт түнгі уақытта Қабанбай батыр даңғылымен жүріп бара жатып, тұрақта тұрған Аudi автокөлігін байқайды. Қаскүнем қылмыстық пиғылмен көлікке келіп, есіктерінің ашық қалғанын пайдаланып, салонға кірген. Көліктен жігіт құны шамамен 250 мың теңге тұратын Iphone-11 телефонын алған. Содан ұрланған гаджетті ломбардқа өткізіп жіберген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жас жігіт кінәсін мойындады.

Құрылыс алаңынан жылыту радиаторларын ұрлағандар құрықталды

Есіл ауданы полиция бөліміне құрылыс ұйымдары өкілінің бірі арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреулер салынып жатқан тұрғын үйге қойылатын жылыту радиаторларын ұрлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралар нәтижесінде жедел уәкілдер 30 және 39 жастағы екі азаматты анықтады.

Белгілі болғандай, олар оңай жолмен ақша табу мақсатында құрылыс жүріп жатқан жерден ұрлық жасаған. Одан кейін ұрланған жылыту радиаторларын көлікке тиеп, металл қабылдау пунктіне тапсырып жіберген. Тәртіп сақшыларының іздестіру шарасы барысында ұрлық болған сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалғаны анықталған.

– Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, олардың елордада басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр, – дейді Есіл ауданы ПБ криминалды полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбшекенов.

Көршісінің гаражынан көліктің қысқы дөңгелектерін ұрлаған азамат анықталды

Полицияға қала тұрғыны арызданып, оның гаражынан белгісіз біреулер жеке мүлкін ұрлап кеткенін айтқан. Сарыарқа ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 33 жастағы ер адамды анықтады. Ол қылмыстық ниетпен жеке автокөлігімен гараж аумағына келіп, көршісінің гараж қабырғасынан бірнеше кірпіш құлағанын көріп, жәбірленушінің гаражынан бағалы заттарды алып шығуға бел буған. Ішке кірген бетте бірден көзге түскен 4 қысқы дөңгелек пен кілттер жинағын алып, оқиға орнынан тайып тұрған.

Күдікті жәбірленушіге 250 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтіріп, ұрланған заттарды сатып үлгерген.

Осы фактіге байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

Тұрғынның велосипедін заңсыз иемденген азамат қолға түсті

Полицияға қала тұрғыны арызбен жүгініп, құны 289 мың теңге тұратын велосипедінің ұрланғаны туралы хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Сарыарқа ауданы ПБ полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Тергеу барысында ер адамның кешкі уақытта Сейфуллин көшесіндегі тұрғын үй кешендерінің біріне келгені белгілі болды. 6 қабатта Dahon-8 велосипедін байқаған қаскүнем жан-жағына мұқият қарап, куәгерлердің жоқтығын пайдаланып, екі дөңгелекті көлікті алып кеткен.

Күдікті мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

17 жастағы жасөспірім мопед ұрлады деген күдікке ілінді

Алматы ауданы ПБ-ның «102» арнасына 27 жастағы қала тұрғыны хабарласып, Момышұлы даңғылында белгісіз біреу жасырын түрде мопедін ұрлап кеткенін хабарлап, 700 мың теңге шығын келгенін айтқан. Криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұл ұрлықтың бетін «ізін суытпай» ашты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде көлікті ұрлаған жасөспірім анықталды. Ол өз ісін мойындап, мопед иесіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған бала заңды өкілдеріне берілді.

Елорда полицейлері қала тұрғындары мен қонақтарына ұрлық қылмысының құрбаны болмау үшін сақ болуды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру