Елорда тұрғынының телефонын тартып алған күдіктілер анықталды
Елорда полицейлері тұрғынды соққыға жығып, телефонын тартып алған күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны арызданып, оған белгісіз біреулер күш көрсетіп, телефонын тартып алғанын айтқан. Анықталғандай, түнгі сағат 01:30 шамасында жас жігіт көшеде келе жатып, оған қарай жүгіріп келе жатқан екі адамды байқаған. Олардың жүрісіне ешқандай мән бермеген жәбірленуші өз бағытымен кете берген. Бірақ олардың қуып жеткенін қасына келгенде біліп, бірден күтпеген жерден иегінің астынан соққы алған. Қатты тиген соққыдан құлап қалған сәтті пайдаланған ер адамдар оның IPhone 11 Pro телефонын алып, оқиға орнынан «ізін суытқан».
Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілерді анықтады. Олар 18 және 20 жастағы екі жігіт болып шыққан. Тартып алған телефонды сатып үлгергені де белгілі болды. Күдіктілер кінәсін мойындап, Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.