Елордада Абылай Рысбайды еске алуға арналған еркін күрестен турнир өтті
Елордада Абылай Рысбайды еске алуға арналған еркін күрестен турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР спорт шеберіне үміткер республикалық турнирлердің чемпионы Абылай Рысбайды еске алуға арналған еркін күрестен ашық турнир республиканың түкпір-түкпірінен жас спортшыларды жинады. Салтанатты ашылу рәсіміне «Динамо» ДШСҚ ҚБ төрағасы, Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қатысты.
– Бүгінгі турнир ҚР спорт шеберіне үміткер, республикалық турнирлердің чемпионы Абылай Рысбайды еске алуға арналған. Оның өмірі жас кезінде қайғылы түрде аяқталды. Бірақ ол қысқа уақыт ішінде спортта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді және өскелең ұрпақ үшін үлгі болды, – деп атап өтті Марат Төлебаев .
Сондай-ақ беделді жарыстарда ел намысын қорғайтын жас балуандарға сәттілік тілеп, болашақта чемпион болуларына тілек білдірді.
Іс-шара «Динамо» ДШСҚ, «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы», сондай-ақ Qairat Top team спорт клубының қолдауымен өтті. Оған Астанадан және жақын маңдағы қалалар мен өңірлерден 200-ге жуық спортшы қатысты. Турнирдің қонақтары үш дүркін Азия чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, Әлем кубогының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, «Қазақстан барысының» қола жүлдегері Ғани Сейділдаев, сондай-ақ ҚР еркін және әйелдер күресінің мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қанатқанов болды.
Жарыс қорытындысы бойынша елордалық балалар жеңіске жетті. 48 келі салмақ дәрежесінде «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» кубогын Рысбай Ерасыл жеңіп алды. 44 келі салмақта «Үздік техника» кубогын Сейдахмет Иманғали иеленді. 85+ келі салмақта «Үздік лақтыру» кубогына Үмітбек Мұрат ие болды. Командалық есепте бірінші орынды Астана, екінші орынды Көкшетау, үшінші орынды Алматы иеленді. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар мен грамоталар табысталды.