Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда полиция жұмысына сервистік модель енгізу жоспарланған

Жетісуда жақын арада полиция жұмысына сервистік модель енгізу жоспарланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әзірше Талдықорған қаласында сервистік полицияның пилоттық жобасы сыналуда. Оны әзірлеу мен іске асыру үшін Мемлекет басшысының полиция жұмысында халыққа сапалы қызмет көрсету және қоғаммен бірлесіп қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жаңа әдістерді енгізу туралы тапсырмасы негіз болды.

Сервистік модель ең алдымен, азаматтардың полицияға қадамдық қолжетімділігіне, сондай-ақ қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Оған әрекет етудің жеделдігін арттыру, қызметте цифрлық технологияларды қолдану, тірек полиция пункттері мен мобильді бекеттердің оңтайлы орналасуы және ең бастысы халықпен тығыз ынтымақтастық қамтылған.

Жетісу облысы әкімінің өкімімен қыркүйек айында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу бойынша ведомствоаралық топ құрылды, оның құрамына әкімдік, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, қоғамдық даму, полиция және қала жұртшылығының өкілдері кірді. №1 учаскелік полиция пункті қызмет көрсететін облыс орталығының бөлігі (Желтоқсан – Гаухар-Ана – Абай – Тынышбаев көшесі) “Пилоттық аумақ” болып белгіленді. Топтың міндеттеріне азаматтардың көмегімен құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп анықтау және шешу кіреді.

Сонымен қатар мониторинг жүргізу, нақты аумақтарда тәртіп пен заңдылықты сақтау жөнінде жаңа тәсілдер мен шешімдер әзірлеу, құқық бұзушылықтар мен өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау. 2019-2021 жылдардағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, топ мүшелері “пилоттық аумақтағы” криминогендік жағдайға байланысты негізгі проблемалық мәселелерді анықтады. Сондай-ақ еріктілердің көмегімен жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізу ұйымдастырылды. Сауалнамаға қатысқан 3800 респонденттің жартысына жуығы (40,7%) өздерінің учаскелік инспекторын бетпе-бет білетіндіктерін көрсетті, оның ішінде 37,4% полицияның жұмысын жақсы деп бағалады. 5-11 сынып оқушыларының ата-аналарына онлайн-сауалнама жүргізу кезінде (2796 адам қатысты) олардың мектептердегі балалардың қауіпсіздігіне қанағаттанарлық көзқарасы туралы қорытынды жасауға болады.

Сонымен қатар пилоттық аумақта ауланы аралау кезінде осыған ықпал ететін факторларды егжей-тегжейлі талдай отырып, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар жүйелі түрде жасалатын орындар анықталды. Сондай-ақ учаскелік инспекторлар, қоғам қайраткерлері, облыстық Полиция департаментінің басшылығы, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері мен оқу орындарының директорларының қатысуымен жұмыс кездесулері басталды.

– Жергілікті тұрғындар бейнебақылау камераларының жоқ болуы немесе олардың бүлінуі және көшелердегі жарықтың жеткіліксіз болғанын атап өтті, бұл азаматтардың жеке басының қауіпсіздік деңгейіне теріс әсер етеді. Осы негізде құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін ұсынымдар тізбесі әзірленіп, бекітілді, – деп хабарлады ведомствоаралық топ мүшелері.

Топ күн сайын “пилоттық аумақтың” проблемалық орындарын анықтау бойынша жұмыс жүргізеді. Түрлі ведомстволардан келіп түскен ақпарат пен ұсыныстарды жинақтайды және талдайды. Сондай-ақ қажеттілік бойынша объектілер мен сұрақтар туғызатын өзге де проблемалық орындарға шығу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру