Елордада бөтеннің көлігін айдап кеткен азамат жол-көлік оқиғасына ұшырады
Елордада бөтеннің көлігін айдап кеткен азамат жол-көлік оқиғасына ұшырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері көлікті айдап кетуге қатысы бар 52 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адамның күндізгі уақытта Маметов көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында кетіп бара жатып, есігі ашық қалған Daewoo Nexia автокөлігін байқағаны белгілі болды. Қылмыстық оймен көліктің салонына кірген күдікті, машина кілттерінің ішінде жатқанын көрген. Көлікті айдап кеткен ер адам, ауладан шыға бере тұрғын үйдің аркасына соғылып, жол-көлік оқиғасы орнынан автокөлікті қалдырып, қашып кеткен.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды көліктен шығарда қырағы болуды, барлық есіктер мен терезелердің сенімді жабылғанын тексеруді ескертеді. Ұрлықтың алдын-алу және көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер көлігіңіздің кілтін бейтаныс адамдарға бермеуге кеңес береді.