Елордада хостел әкімшісінің телефонын ұрлаған ер адам құрықталды
Елордада хостел әкімшісінің телефонын ұрлаған ер адам құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 31 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғанындай, ер адам қаланың сол жақ жағалауында орналасқан хостелде бөлмені жалға алған. Күдікті кешкі уақытта әкімшінің бөлмесінен шығып кеткен сәтті пайдаланып, өзінің әрекетін байқап тұрған куәгерлердің жоқтығына көз жеткізген соң Xiaomi 10 Pro телефонды алып кеткен. Келтірілген материалдық шығын сомасы 244 мың теңгені құрайды.
Ұрланған гаджетті кездейсоқ адамға сатып үлгерген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеру жүргізіледі.