Елордада ойын приставкасын қолды қылған геймер ұсталды
Елордада ойын приставкасын қолды қылған геймер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен 32 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам уақыт өткізу үшін қаланың оң жақ жағалауындағы компьютерлік клубқа келген. Таңғы сағат 08:00 шамасында үйіне кетіп бара жатып көрші ойын залында тұрған Sony PlayStation 5 приставкасын байқайды. Қылмыстық оймен күдікті алдымен оның іс-әрекетін бақылап тұрған куәгерлердің бар-жоғына көз жеткізіп, содан кейін приставканы күртесінің астына жасырып алып кеткен. Осылайша 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Ер адамның ұрланған консольді ломбардқа өткізгені анықталды.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.