Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Елордада «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері туралы» құқықтық форум өтті. Оған сот және құқық қорғау органдарының, азаматтық қоғамның және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің өкілдері, министрлер мен депутаттар, сондай-ақ ІІМ жанындағы қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Бейнеконференцбайланыс арқылы іс-шараға белсенділер, облыстық полиция департаменттерінің және ведомстволық жоғары оқу орындарының қызметкерлері қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері полицияға отбасындағы зорлық-зомбылық туралы 100 мың дабыл түскен. Бірақ аталмыш жағдайлардың көпшілігінде полиция шара қолдана алмаған. Себебі тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткенде жәбірленушілер арыз жазудан бас тартады. Ал онсыз қолданыстағы заңнамаға сәйкес полиция қызметкері құқық бұзушыларды жауапқа тарта алмайды. Салдарынан ағымдағы жылдың 9 айында осы салада 668 қылмыс тіркелген.

Форумда ҚР ІІМ басшысы Марат Ахметжанов Президенттің тапсырмасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бойынша әзірленген шараларға тоқталды.

– Біріншісі – мұндай фактілерді тіркеу бойынша «өтініш беру сипатынан анықтау сипатына» көшу. Бұл полицияға жәбірленушінің өтініші болмаса да, әкімшілік іс-жүргізуді бастауға мүмкіндік береді. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Екіншісі – тараптардың татуласуына талапты күшейту. «Дебошир» бірінші рет сотта ғана татуласа алады, ал қайталанса, мұндай құқық алынып тасталады. Үшіншісі – отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алудың мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзартуды ұсынамыз. Төртіншісі – ол, өздеріңіз білесіздер, Конституцияның жаңа өзгерістеріне сәйкес қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілді. Осының аясында «ескерту» сияқты жазаны «қоғамдық жұмыстарға» ауыстыруды ұсынамыз. Бұл құқық бұзушы үшін заңды бұзбауға жеткілікті мотивация болады деп санаймыз. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі қоғамдық жұмыстарды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтап жатыр. Әкімдер өз кезегінде қоғамдық жұмыстардың түрлері мен көлемін анықтап, жұмыс орындарын дайындау қажет. Бесіншісі – ең жиі жасалатын қылмыстар бойынша «отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты» деген қосымша саралау белгісін енгізу, – деді ол.

Сонымен қатар министр басқа мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес секторды және қоғам өкілдерін осы мәселені шешуге күш салуға шақырды. Өйткені бұл проблеманы тек күштеу, мәжбүрлеу шарасымен шешу мүмкін емес. ІІМ әрқашан жаңа идеялар мен ұсыныстарға, сондай-ақ азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық барлық елге тән. Өзге мемлекеттерде аталмыш проблемамен күресудің өзіндік ерекшеліктері бар. Президенттің осы бағыттағы тапсырмасын сапалы орындау мақсатында министрлік профилактиканың халықаралық тәжірибесін мұқият зерделеді.

Форумға қатысушылар өз пікірлерімен және ұсыныстарымен бөлісті, негізгі әрі маңызды мәселелерді анықтады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова ІІМ ұсынған шараларды егжей-тегжейлі зерделеп, олардың қолданыста көрінетін ықтимал тиімділігін атап өтті.

– Өз тарапымнан мұнда айтылғандардың бәрін қолдауға дайынмын. Менің ойымша, бұл механизмдерді енгізу қажет. Бізде қоғамдық айыптау институты жоғалып кетті. Бұған тек мемлекеттік орган көңіл бөлмеуі керек, азаматтық қоғам да өзінің тиісті ұстанымын айқындағаны дұрыс, – деді депутат.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова өз кезегінде ведомствоаралық үйлестіруді жолға қою қажеттігін айтты.

– Полицей психолог рөлін, әлеуметтік қызметкер рөлін тиімді атқара алмайды. Мұны тиісті құрылымдар жасауы керек. Ал құқық қорғау органдары қандай да бір заңсыз әрекеттің қайталану мүмкіндігі болған кезде тәуекелдерді нақты бағалауы керек, – деді ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Закиеваның айтуынша, мұнда отбасылық саясатты іске асыру, өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек көрсету бойынша біртұтас жүйе құру қажет, ең бастысы шешілмеген әлеуметтік мәселелерге назар аудару керек.

Форумға қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жан-жақты шешу керек және отбасымен жұмыс істеу өте маңызды деген пікірде болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру