Елордада үш күн ішінде 12 мас жүргізуші ұсталды
Елордада үш күн ішінде 12 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 19 шілдесінен бастап елорда аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтады.
Жедел алдын алу іс-шарасын өткізудің үш күнінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2 236 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде көлікті мас күйінде басқарудың 12 фактісі, көлік құралын басқару құқығынан айырылған екі жүргізуші ұсталды, қарсы жолаққа шығудың тоғыз фактісі, жаяу жүргіншілердің жүруіне басымдық бермеудің 60-тан астам фактісі анықталды. 350-ден астам адам жаяу жүргіншілердің қозғалыс ережелерін бұзды.
Түнгі уақытта «102» арнасына Toyota маркалы автокөлігінің мас күйінде келе жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Алаш тас жолы бойында патрульдік полиция қызметкерлері аталған көлікті тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде көлік салонынан алкогольдің иісін сезген. Жедел медициналық сараптама жүргізу туралы шешім қабылданып, оның нәтижелері бойынша жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдық туралы қорытынды берілді.
Жүргізуші мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Жүргізуші он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.