Елордада заңсыз қоқыс төккендер жауапқа тартылды
Астанада "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында абаттандыру қағидаларын бұзғандар анықталып, Қорғалжын тасжолында құрылыс қалдықтарын заңсыз төккен жүк көліктерінің жүргізушілері жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, тазалықты сақтауға және абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алуға бағытталған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы жалғасып жатыр.
Акция басталғалы бері 97 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 мыңнан астамы – ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін, ал 72 мыңнан астамы – абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
Күннің жылынуы мен қардың еруіне байланысты бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілді. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу және ағынды суларды заңсыз төгу фактілерінің алдын алу мақсатында құқық бұзушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс төгіп, шаруашылық-фекалдық суларды заңсыз ағызған 732 жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, Қорғалжын тасжолында құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу дерегі анықталды. Жүк көліктерінің жүргізушілері қалдықтарды төгіп, құқық бұзушылық орнынан кетіп қалған.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Тазалық пен тәртіпті сақтау – әрбір қала тұрғынының ортақ міндеті.
