Елордада жыл басынан бері балалардың қатысуымен 11 ЖКО болды
Елордада жыл басынан бері балалардың қатысуымен 11 ЖКО болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері елорда аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы болды. Сағат 17.30 шамасында ГАЗ көлігінің жүргізушісі Аманжолов көшесімен Тәуелсіздік даңғылына қарай жүріп келе жатып, белгіленген жерде жолдан өтіп бара жатқан 14 жасар қыз баланы қағып кеткен. Салдарынан кәмелетке толмаған қыз балаға медициналық көмек көрсетілді. ЖКО фактісі бойынша анықтау жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, Астана қаласының полиция департаменті «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыру және кәмелетке толмағандардың жолдардағы қауіпсіздікті сақтаудың негізгі ережелері туралы хабардар болуы мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр. Осыған байланысты, ЖААІШ шеңберінде қиылыстардан өту ережелерін бұзғаны үшін 977 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге артықшылық бермегені үшін 170 адам, арнайы ұстап тұратын құрылғысыз балаларды тасымалдаған 366 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жол ережесін бұзған 1143 жаяу жүргінші анықталды.
Жалпы алғанда, ЖААІШ кезеңінде 700-ден астам оқыту сабағы мен 100-ге жуық семинар, сондай-ақ аула аумақтары мен балалар алаңдарын жайластыру мәселелерін талқылай отырып, жұртшылықтың 40-қа жуық жиыны ұйымдастырылды. Іс-шара шеңберінде жалпы білім беретін және мектепке дейінгі оқу орындарының жақын маңындағы көше-жол желісіне тексеру жүргізілді. Аталған жұмыстың қорытындысы бойынша кемшіліктерді жоюға 126 ұйғарым берілді.