Елордалық бойжеткен зергерлік дүкенде алтынды жалған бұйымға ауыстырып, алып кеткен
Елордада алтынды жалған бұйымға айырбастап ұрлық жасаған бойжеткен анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, зергерлік дүкеннен белгісіз біреу алтын сақинаны ұрлап кеткенін хабарлаған. Оқиға елорда сауда үйлерінің бірінде болған. 17 жастағы қала тұрғыны зергерлік бұйымдар сататын бутикке кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді өтінген. Бойжеткен өзіне қажетті сақинаны көргеннен кейін, сатушының басқа клиенттерге көңіл аударған сәтін пайдаланып, алтынның орнына жалған бұйымды қойып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Кейінірек сатушы сақинаның жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар кәмелеттік жасқа толмаған азаматты анықтады.
Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған азамат заңды өкілдеріне тапсырылды. Оның қала аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.