Елордалық дүкеннен брендтік косметиканы ұрлаған әйел бейнекамераларға түсіп қалды
Елордалық дүкеннен брендтік косметиканы ұрлаған әйел бейнекамераларға түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті полиция бөліміне «Mon Amie» косметика дүкенінің әкімшілігі хабарласып, брендтік кремнің ұрланғаны жайлы айтып шағымданған. Ұрлық сәті үй-жайдың бақылау камераларына түсіп қалған. Бейнеде бикеш күндізгі уақытта дүкеннің сөресіне жақындап, витринадан құны 212 мың теңгеден асатын ORCHIDÉE IMPÉRIALE кремін алғанын көруге болады. Әйел киімінің сыртқы қалтасынан ұялы телефонды алып жатқандай кейіп танытып, екінші қолымен тері күтіміне арналған кремді ішкі қалтасына салып жіберген.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында «Байқоңыр» ауданының полицейлері жүру жолын бақылап, ұрлық жасады деген күдікпен 32 жастағы әйелді анықтады.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция бөлімшесіне жеткізілген қала тұрғыны өзінің әрекетін мойындап, алдағы уақытта ұрланған тауарды арзан бағамен сатуды жоспарлап отырғанын айтты. Заттай дәлелдеме тәркіленді.
Күдіктінің Елорда аумағында бұрын-соңды осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.