Елордалық полицейлер 26 жастағы ұрыны ұстады
Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері супермаркеттен жеке гигиена құралдарын ұрлаған келушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға Қабанбай батыр даңғылындағы супермаркеттердің бірінің әкімшілігі хабарласып, белгісіз біреу дүкеннің тұрмыстық химия бөлімінен тауарларды ұрлағанын айтқан.
Арызданушының айтуынша, дүкенге келген адам сөреден 4 дана сусабын, 6 дана дезодорант, 12 қорап ұстара кассетасы мен 2 құты бұқтырылған тағамды ұрлап, жалпы 120 мың теңге шығын келтірген.
«Есіл» ауданының жедел уәкілдері ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады. Ол бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 26 жастағы елорда тұрғыны болып шықты.
Полицияға жеткізілген жігіт кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер тұрғылықты жері бойынша тінту барысында алынды. Жауап алу барысында оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.