Елордалық полицейлер көліктен телефон ұрлаған күдіктіні “ізін суытпай” ұстады
Елордалық полицейлер көліктен телефон ұрлаған күдіктіні “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны тұрақта тұрған ГАЗель автокөлігінен жасырын түрде ұрлық қылмысын іске асырған ер азаматты байқап, күдіктенгенін айтып, телефон соққан.
Оқиға орнына мән-жайды анықтауға жедел барған тәртіп сақшылары көлік иесімен бірден хабарласып, оның қара түсті Xiaomi Redmi телефонының қолды болғанын біледі.
Іздестіру нәтижесінде сол аумақтағы көше тұрғындарының көмегімен 39 жастағы ұрыны оқиға орнынан алыстатпай қолға түсірген.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат көше бойында тұрған көліктің есігі ашық қалғанын байқап, ештеңеден жасқанбастан, көліктің алдыңғы қобдишасында тұрған құны 40 мың теңгеге бағаланатын телефонды жымқырып кеткен.
Кінәсін толықтай мойындған күдіктіден заттай айғақтар тәркіленіп, оның елорда аумағында бұған дейін жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр.