Елордалық полицейлер металл қабылдау орындарында рейд жүргізді
Елордалық полицейлер металл қабылдау орындарында рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер заңсыз сауда орындарының жолын кесу мақсатында түсті және қара металдарды қабылдау пункттерінде рейд жүргізді.
Шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге Астана қаласы әкімдігінің және мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында 21 металл қабылдау пункті тексеріліп, оның ішінде 6 пункттің заңсыз жұмыс істегені белгілі болған.
Заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Негізінен металл сынықтары пункттерінің иелері тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысып, аумақты абаттандыру ережелерін де бұзған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе құжатсыз тұрған жеті шетелдік жұмысшыға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Айта кетсек елордада 20-30 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Осы мақсатта тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар қозғалысының өкілдерімен және еріктілермен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу және жолын кесуде тиісті жұмыстар ұйымдастырады.
Мәселен ЖПІШ басталғалы елордада 200-ден астам қылмыс тіркелсе, оның 28-і қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған. Барлығы 125 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 26 қылмыскер ұсталды.
Сонымен қатар «Құқықтық тәртіп» аясында 9 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйлерінен тыс жерде болуы және басқа да құқық бұзушылықтар бар.