Елордалық полицейлер тұрғыннан 12 келіден астам гашиш тәркіледі
Елордалық полицейлер тұрғыннан 12 келіден астам гашиш тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елордада есірткі жеткізу және сатумен айналысқан тұлғаларды ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер автокөлікті тоқтатып, оны тінту барысында есірткі заты гашиш салынған 123 дана Zip-Lock пакеттері табылып, тәркіленді.
Құрықталған 46 жастағы көлік жүргізушісінің тұратын үйін тінту кезінде оның қала аумағында сатуға арналған бір полиэтилен пакеті және тағы гашиш салынған 28 Zip-Lock пакеттегі есірткі заты табылған. Нәтижесінде 12,5 келіге жуық гашиш есірткі заты заңсыз айналымнан шығарылды.
Қылмыстық тергеп-тексеру аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінен елордаға есірткі жеткізу және сатумен айналысқан қылмыстық тізбегіндегі басқа да сыбайластарды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, сол тектестермен және прекурсорлармен заңсыз айналысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.