Елордалық полицейлер тұрғынның үйінен тұрмыстық техника ұрлаған азаматты анықтады
Елордалық полицейлер тұрғынның үйінен тұрмыстық техника ұрлаған азаматты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен 23 жастағы азаматшаны анықтады.
Тергеу барысында тұрғынның Абай көшесіндегі көппәтерлі үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын танысының үйінде уақытша тұрып жатқаны анықталды. Күдікті үйде жалғыз қалған сәтті пайдаланып, қылмыстық ниетпен, пәтерден тоңазытқыш пен кір жуғыш машинаны ұрлаған.
Белгілі болғандай, пәтер ұрысы ұрланған техниканы жарнамалар сайтында бейтаныс адамдарға сатып жіберген. Жалпы келтірілген шығын 300 мың теңге мөлшерінде бағаланып отыр.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.