Елордалық тұрғынның велосипедін қолды қылған күдікті ұсталды
Елордалық тұрғынның велосипедін қолды қылған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны екі доңғалақты көлігінің ұрлануы бойынша полицияға дереу хабарласқан. Оның айтуынша, жоғалып кеткен құны 97 мың теңге тұратын велосипедін кіреберістегі баспалдақтың астына қойған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Астана қалалық ПД криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 22 жастағы жігітті анықтады. Күдіктінің әрекетін кіреберісте орнатылған камералар түсіріп алған. Кадрда байланбаған велосипедті байқаған жас жігіттің есік алдында біраз тұрып, сәлден кейін оны қалай алып шыққаны көрсетілген. Ол ұрланған көлікті ломбардқа өткізіп, түскен қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген.
Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айғақты заттар алынды. Аталған күдікті кінәсін мойындап, оның астанада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.