Ер адам дәріхананың терезесінің алдынан телефон ұрлап кетті
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы туралы арызданған. Онда Сарыағаш ауданында орналасқан дәріханасына тұтынушы ретінде келген белгісіз ер азамат терезенің алдында тұрған «Huawei P30» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткенін көрсеткен. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық іс қозғалды.
Бұл ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды.
Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде небәрі үш сағат ішінде ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басын анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің ұялы телефонын ешкімнің назар аудармай тұрғандығын пайдаланып, тез арада оңай олжасын қалтасына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды болған ұялы телефонды базарға алып барып бес мың теңгеге сатып жіберіп, ақшасын өзі жаратып жіберген. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді. Сондықтан полицейлер жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады.