Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп сақшысына қатысты күш қолданған азамат 5 жылға сотталды

Ақмола облысында билік өкілінің заңды талаптарына бағынбай, көлігімен полиция қызметкерін соғып, күш қолданған азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 14 ақпанында сағат 15:00-де “Екатеринбург-Алматы” автожолының 917 шақырымында орналасқан  Жақсы ауданы Жақсы кентінің маңында “Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Ақмола облысы ПД ППБ 4-взводының инспекторлары “Chevrolet Aveo” маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлік тізгінінде отырған Жақсы кентінің 24 жастағы тұрғыны болып шықты.

Кейін белгілі болғандай, ер адам Жақсы аудандық сотының үкімімен алкогольдік және есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін көлік басқару құқығынан үш рет айырылған.

Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу және адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіптің алдын алу үшін құқық бұзушыны Жақсы ауданының полиция бөлімінің ғимаратына жеткізді.

Полиция бөлімінің ғимаратында полиция қызметкері ер адамға қатысты көлік кұралын басқару құқығынан айырылған адамның көлік басқару дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.

Хаттама толтыру барысында “Chevrolet Aveo” маркалы автокөлігінің Аршалы ауылының 40 жастағы тұрғынына тиесілі екені анықталды. Сондай-ақ, оның көлігін әпкесіне сеніп тапсырғаны белгілі болды.

Ер адамның бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығын, автомобильдің меншік иесі емес екенін және өзімен бірге көлік құралына арналған тіркеу және заңнамада белгіленген өзге де құжаттары жоқ екенін ескере отырып, тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабының, 796-бабының, 797-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының талаптарын басшылыққа ала отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдап, оны көлік құралын басқарудан шеттету туралы  хаттама толтырды.

Одан кейін полицейлер уақытша сақтау үшін арнайы тұраққа орналастыру мақсатында “Chevrolet Aveo” автокөлігін алу актісін толтыра бастаған.

Қаскүнем осы сәтте “Chevrolet Aveo” автокөлігінің кілтін алып, полиция бөлімінің ғимаратынан көшеге шығып, ғимарат алдында тұрған автокөліктің рөліне отырған.

Көлікке қарай жүгірген полиция қызметкері жүргізушінің есігін ашуға тырысқан, алайда есік ішінен құлыпталғандықтан, аша алмаған.

Құқық бұзушыны тоқтату және оның көлік басқаруына жол бермеу үшін полиция қызметкері көліктің алдына шыққан. Ер адам полиция инспекторын айналып өту және тоқтату бойынша әрекет жасамай, көлігімен полиция қызметкерін қағып, дене жарақатын келтірген. Соққы салдарынан полиция қызметкері автокөліктің капотына құлаған.

Осылайша, қаскүнем полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына  бағынбай, қарсылық көрсеткен. Оларға қарсы былапыт сөздер айтқан. Сараптама нәтижелері бойынша оның марихуана тұтынғаны анықталды.

Ең қызығы, құқық бұзушы болып жатқанның бәрін ұялы телефонының камерасына түсіріп отырған. Оның үстіне, ол тіпті ұстау кезінде де түсіруді тоқтатпаған.

Аталған факт бойынша сот шешімімен 24 жастағы азамат ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану),  378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру