Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ер адам қонаққа барып, адасып кетті

Түркістан облысының полицейлері туысының үйіне қыдырып келіп, жоғалып кеткен ер адамды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-не Шымкент қаласынан төркіндеп, қыдырып келген әйел арызданады. Оның айтуынша, күйеуі кешкі сағат 19:30-дар шамасында сыртқа шығып келетінін айтып, содан із-түзсіз жоғалған. Алғашқыда жақындары өздіктерінен іздеп әрекеттенген. Нәтиже шықпағаннан соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Аталған жайтты жетісайлық полицейлер бірден тіркеуге алып, жоғалған ер адамды іздестіре бастайды.

Іздестіру жұмыстарына жедел-тергеу тобы мен сол аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторлары бірден кірісті. Полицейлер Сәбит Татаев пен Бекжан Каримов ауылды көше-көшемен аралап тексеріп, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде түнгі сағат 02:00-лер шамасында ер адам табылды.

Тергеу барысында полицейлер, қайын жұртына қыдырып келген ер адам көзі нашар көретініне байланысты туысының үйін таба алмай, ауылды аралап жүргендігін, ұялы телефонының қуаты сөніп қалғандықтан, жақындарына хабарласа алмағанын анықтады. Осылайша адасып жүрген жан аман-есен отбасына тапсырылды.

Өз кезегінде арызданушы әйел мен қайын жұрты полицейлерге алғыстарын жеткізіп, шынайы ризашылықтарын білдірді.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жақындарына бас-көз болып, қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балаларыңыз немесе туыстарыңыз адасып не жоғалған жағдайда тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру