Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысының полицейлері тоғыз жайт мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін брифингте Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов төмендегідей мәлімет берді:

– Түркістан облысында тәртіп сақшыларының қылмыстың ашылуына табандылық танытып, тер төгуінің арқасында тағы да бір қылмыстық топтың жолы кесілді. Нақтырақ айтсам, кезекті мал базарларына жүргізілген тексеру кезінде Келес АПБ-нің полиция қызметкерлері тиісті құжаттары жоқ жылқы малын сатып тұрған екі азаматты ұстайды. Оларды тез арада АПБ-не жеткізеді. Жауап алу барысында күдіктілер жылқыны Сарыағаш қаласындағы жайылымдардың бірінде қараусыз жүрген жерінен жымқырғанын мойындайды. Одан бөлек тергеу барысында күдіктілердің басқа да сыбайластарымен бірге Келес ауданында орын алған тоғыз жайт мал ұрлығына қатысы бары белгілі болды. Аталған жайт Келес АПБ-не 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.

Басқа да күдіктілерді тез арада анықтап, құрықтау мақсатында тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, осы мал ұрлықтарымен айналысқан тағы бес жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталғандардың барлығы жергілікті тұрғын, жас жігіттер болып шықты.

Полицейлер айғақты зат ретінде олардан төрт сиыр, екі бұзау және үш қой, бір жылқы тәркілеп алды. Содан малдардың ен-таңбалары арқылы кімге тиесілі екенін анықтап, заңды иелеріне қайтарды. Белгілі болғандай, жәбірленушілердің кейбірі малдарының ұрлағанынан бейхабар болған. Яғни анықталған жеті жәбірленушінің біреуі ғана алдын арызданса, қалған алтауы полицияға малы жоғалғаны жөнінде мүлдем шағымданбаған. Осылайша полицейлердің кәсіби шеберлігі мен қырағылығының арқасында тұрғындар жоғалған малдарын тапты. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі екі миллион теңгеге жуық.

Бұл заңсыз әрекетке байланысты қылмыстың ұйымдасқан түрде топпен жасалуы мүмкін. Себебі, қылмыстық топтың құрамындағы заң бұзушылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Біреулері жайылымнан, қора-жайдан малдарды ұрласа, келесісі ұрланған малдарды тасымалдаған. Ал үшіншілері үй жануарларын жасырын сатып отырған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің төртеуі қамауға алынды. Қалған үшеуі қолхатта, – деп атап өтті  Қ.Сахов.

Өз кезегінде тұрғындар ұрыларды ұстап, оған қоса малдарын тауып берген полиция қызметкерлерінің тындырымды тірлігіне шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыстарын айтты. Үнемі елден аларларыңыз алғыс болсын деп, жұмыстарына табыс тіледі.Түркістан облысының полицейлері үй малын жайылымдарда қараусыз қалдырмауды ескертеді. Аулалар мен қора-жайларда бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуды ұсынады. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарлау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру