Ерлік мәңгі есте сақталады
Солтүстікқазақстандық полиция басшысы соғыс ардагерлерін және майдангердің жарын Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басшысы Марат Төлебаев Ұлы Отан соғысы ардагерлері Григорий Красильников, Иван Шипп және майдангердің жесірі Варига Әбілмажиноваға барып, мерекемен құттықтады. Барлық санитарлық ережелерді сақтай отыра, облыстық полиция басшысы Петропавл қ. Полиция басқармасы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғали Жұмағұловпен бірге ардагерлерге Қазақстан Республикасы Президенті, Ішкі істер министрі атынан құттықтау телеграммаларын, РФ «1941-1945ж. ҰОС Жеңіске 75 жыл» мерейтойлық медалін, сондай-ақ азық-түлік пакеттерін табыстады.
Григорий Красильников 1921 жылы туған. Майдандағы ұрыстарға жаяу әскер құрамында қатысқан, жарақат алғаннан кейін бомбалау авиациясында шебер болған. Берлинді шабуылдау дайындығына қатысқан, алайда, жарақат алып, госпитальде жарты жылдай емделген екен. Соғыс аяқталған соң, милиция қатарына қосылады.
Зейнетке 48 жасында арнайы комендатура бастығының лауазымынан милиция подполковнигі атағында шыққан.
Иван Шипп соғыс басталғанда 16 жаста еді. Омбы қаласында миномет взводтарының командирлерін даярлау курсында оқыған, алайда, жолдастарымен бірге батысқа жіберіліп, қатардағы жаяу әскер болған. Барлауда қызмет атқарған кезде ауыр жарақаттанып, кейін артиллерия қатарына қосылған. Жеңіс туралы қуанышты хабарды Калининград қ. 40 шақырым жерде Пиллау бекінісінің маңында болған кезде естіген. 1947 жылы Ташкент милиция мектебіне жіберіліп, оны үздік бітірген. Еңбек жолын милиция подполковнигі атағында Солтүстік Қазақстан облысы ІІБ қылмыстық іздестіру басшысы лауазымында аяқтаған.
90 жастағы Вариға Әбілмажинова – соғыстан кейін СҚО ІІБ Возвышенский ауданының ішкі істер бөлімін басқарған ҰОС ардагері Насыр Әбілмәжіұлы Әбілмажиновтың жары. Насыр Әбілмәжіұлы дүниеден өткелі 30 жылдан асса да, әріптестері ардагердің жарын ұмыт қалдырған емес.
Марат Сағынтайұлы ардагерлердің әрқайсысын құттықтап, денсаулық пен сарқылмас күш-қуат тіледі. Соғыстан кейінгі жылдарда СҚО милиция қатарында 771 ардагер қызмет еткен. Бүгінде арамызда үшеуі ғана қалды. Жеңіс күні қарсаңында полиция басшылығы мен жеке құрамы әдеттегідей ардагерлерге, сондай-ақ 14 тыл еңбеккері мен соғыс ардагерлерінің үш жесіріне барып, жылы лебіздерін білдіреді.
Дәл сол күні Марат Төлебаев орынбасарларымен бірге облыстық Полиция департаменті ғимаратының жанындағы Естелік аллеясында шыршаларды отырғызды. Отырғызылған көшеттер соғыстан жеңіспен оралып, ішкі істер органдарына қалған өмірін арнаған жерлестеріміздің еңбегі мен ерліктерін мәңгі есте сақтайтынымызды білдіреді.
10 мамыр күні солтүстікқазақстандық полиция басшылығы қалған үш ардагердің бірі Никита Герасимович Семеновті құттықтайды. Бұл күні милиция подполковнигінің туған күні.