Ерлікпен қаза тапқан полицейдің атына өзі оқыған мектебінде АӘД сыныбы ашылды
Ерлікпен қаза тапқан полицейдің атына өзі оқыған мектебінде АӘД сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің күшімен қызметтік борышын атқару кезінде қайғылы қазаға ұшыраған Ақтөбе полициясының қызметкері Абат Нұрымжановқа өзі оқыған БҚО Қаратөбе ауданы Егіндікөл аулындағы орта мектепте даңқ бұрышы мен мемориалдық тақта ашылды. Сондай-ақ мектептің алғашқы әскери дайындық сыныбы батырдың есімімен аталды.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің Қарғалы ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, қайсар, әрі батыл офицер Абат Нұрымжанов 2002 жылдың 5 қарашасында Бадамша ауылында қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Бұл орны толмас қайғылы оқиға түнгі мезгілде мас күйдегі бұзақыларды полиция бөліміне жеткізу барысында болды.
Батыр полицейге құрмет пен естелік ретіндегі салтанатты шараға Абат Нұрымжановтың туыстары, ауылдық округ әкімі, оқушылар мен жергілікті аудандық полиция бөлімінің басшылығы қатысты.
– Абат арамыздан кеткелі 20 жылдан астам уақыт өтті, бірақ оның жарқын бейнесі әлі де біздің жүрегімізде, достарымыз бен жақындарымыздың мәңгі жадында. Мен Ақтөбе облысының полиция департаментіне ағамызды еске алып, ұмытпағаныма өте ризамын. Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс, – деді батырдың ағасы Талап Нұрымжанов.