Есепте тұрған сотталғанның балаларына қуаныш сыйлады
Хромтау аудандық пробация қызметкерлері Аяз ата мен ақшақардың кейпіне еніп, есепте тұрған сотталғанның отбасына барып, балаларына сыйлықтар таратты,- деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Хромтау аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Айнұр Болатпаеваның айтуынша, балалардың әкесі, яғни олардың жалғыз асыраушысы бұған дейін аудандық пробация есебінде болған. Бірақ, жаза өтеудің тәртібін бұзғаны үшін ол, жаза бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне ауыстырылды. Алайда, Пробация қызметкерлері өрімдей жас балалардың әкесіз, тұрмысы төмен жағдайда өмір сүріп жатқанын білетіндіктен, оларға бас-көз болуын тоқтатқан емес. Соның тағы бір дәлелі- аудандық Пробация қызметкерлерінің жаңа жыл мерекесі қарсаңында аяз ата мен ақшақар кейпіне еніп, бұған дейін Пробация есебінде тұрған сотталғанның үйіне барып, бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік пен балаларға түрлі тәттілерді сыйлауы.
– Хромтау аудандық Пробация есебінде тұрып, түзеу мекемесіне оралған сотталғанның жұбайы 4 айлық сәбиімен және екі кішкентай баласымен бірге асыраушысыз отырғандықтан, біз оған бей-жай қарай алмадық. Мереке қарсаңында кішкентай балалардың аз да болса көңіл күйлерін көтергіміз келіп, бұрын Пробация есебінде тұрған сотталғанның үйіне балаларын қуанту үшін арнайы бардық.
Жалпы, келер жыл- «еріктілер жылы» деп аталады деп жатыр ғой. Осы орайда біздің Хромтау аудандық Пробация қызметі пробация есебінде тұрған сотталғандарға қолдау көрсету мақсатында көптеген жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр,- дейді аталған мекеменің аға инспекторы Айнұр Болатпаева.