“Есірткіге жол жоқ”: Қостанай кинотеатрында нашақорлыққа қарсы акция өтті
13 қарашада Қостанайдың “Зодиак” кинотеатрында “Шекер” фильмінің көрсетілімі барысында нашақорлыққа қарсы профилактикалық акция өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Фильм есірткі таратқаны үшін сотталған жас жігіттің оқиғасын баяндайды және нашақорлық мәселесі көтерілген.
Іс-шараны полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжі еріктілерінің қолдауымен ұйымдастырды.
Сеанс алдында іс-шараға қатысушылар көрермендерге “Есірткіге жол жоқ” ұранымен футболкалар мен бейсболкалар таратты. Ал фильмнің алдында көрермендерге экранда есірткіге тәуелділіктің салдары туралы ойлануға шақыратын бейнероликтер көрсетілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған 300-ден астам акция өтті. Полиция заңсыз айналымнан 257 келі есірткі тәркіледі.
Кинотеатрдағы акция азаматтарға есірткіге байланысты қауіпті тәуекелдерді еске салудың тағы бір мүмкіндігі болды.