Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткілік масаң күйдегі жүргізуші адам тасымалдаумен айналысқан

СҚО полицейлері есірткілік масаң күйде адам тасымалдаған такси жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20-22 қаңтар күндері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның басты мақсаты – жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Іс-шара барысында автобустар мен такси жүргізушілері басты назарда болды.

– Жалпы алғанда, жүргізушілер жолаушыларды тасымалдауға жауапкершілікпен қарайды. Алайда үш күн ішінде олардың тарапынан 241 құқық бұзушылық тіркелді. 21 қаңтарда Петропавлда екі автобус жүргізушісі Назарбаев және Чкалов көшелерінің реттелмейтін қиылысында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар белгіленген жерде жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерге жол берген жоқ. Жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда, шешім қабылдауға уақыт қалдыру үшін жылдамдықты бәсеңдету керектігін еске саламыз, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін ешқандай жауапкершіліктері жоқ заңсыз тасымалдаумен айналысатындар өз алдына проблема болып отыр.

Аудан орталығы Тайыншада патрульдік полиция қызметкерлері қолында рұқсат құжаттары болмаса да жолаушыларды тасымалдаумен айналысып жүрген, 32 жастағы жергілікті тұрғын басқарған «Фольксваген Гольф» маркалы автокөлікті тоқтатты. Медициналық куәландыру нәтижелері жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғандығын көрсетті.

Жинақталған материалдар сотқа жіберіледі, құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы және оған алдағы 7 жылда көлік құралын басқаруға тыйым салынуы мүмкін.

Сондай-ақ, полицейлер маневр жасау ережелерін бұзудың 44 фактісін анықтады. Көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесуге 46 жүргізуші жол берді, 16 қоғамдық көлік жоспарлы тексеруден өтпеген, 9-ы жылдамдықты асырды.

Автобус паркінің үш лауазымды тұлғасы бағытқа техникалық ақауы бар көліктерді шығарғаны үшін жауапқа тартылды.

Полицейлер жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол ережелерін қатаң сақтауға және қысқы жолдарда сақ болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру