«Грантқа өткізіп беремін»: полицейлер 10 адамды алдап кеткен шымкенттікті қолға түсірді
Тәртіп сақшылары 10 адамды алдап кеткен шымкенттікті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қарашада Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына қала тұрғыны арызданған. Ол өз арызында қаладағы оқу орнында ақылы оқитын қызын танысы грантқа өткізіп беремін деп сеніміне кіргенін көрсеткен. Алайда арада уақыт өткенде не уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай жүрген екен. Келтірілген шығын көлемі 800 000 теңгені құрайды.
Әл-Фараби АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдікті әйелді қолға түсірді. Тергеу барысында оның осыған ұқсас 10 алаяқтық жайтына қатысы бар екендігі анықталды. Барлық жағдайларда ол жәбірленушілердің сеніміне кіріп, оқуға түсуге және грантқа өтуге көмектесемін деп алдаған. Соңынан ақшаларын иемденіп, ізін суытқан.
Қазіргі кезде азаматша жәбірленушілерге бас-аяғы 5 млн. теңгеден аса залал келтіргені дәлелденіп отыр. Одан бөлек, басқа да аляқтық қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Бүгінгі таңда әйелге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.