Хабарсыз кеткен жасөспірім қыз құрбысының үйінен табылды
Ақтөбеде хабарсыз кеткен 14 жастағы жасөспірім қыз құрбысының үйінен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 23 қарашасында қала тұрғыны полицейлерге 14 жастағы қызының жоғалғаны туралы арыз жазған. Қыз 20 қараша күні түнгі сағат 23.00-де үйінен шығып, қайтып оралмаған.
Жоғалған адамды іздеуге учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды. Арыз түскеннен кейін екі сағаттан соң полиция қызметкерлері жоғалған адамды тапты. Үш күн бойы қыз Сазда ауылындағы құрбысының үйінде болғаны белгілі болды.
Жыл басынан бері полицияға хабар-ошарсыз жоғалғандарды іздестіру туралы 45 өтініш келіп түсті. Олардың барлығы «ізін суытпай» табылды.
Ата-ана бақылауының болмауына байланысты балалар әртүрлі қайғылы оқиғаларға тап болады. Көбінесе қараусыз, толық емес отбасыларда тұратын және ата-аналары тәрбиесімен айналыспайтын балалар жоғалады.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балаларыңызға сақ болыңыздар!