Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың курткасы, фуражкасы мен жұмыс дәптері СҚО ПД музейінде сақтаулы
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты құрметпен еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Офицерлер жұмыс күнін облыстық ведомство ғимаратының алдындағы қаза тапқан әріптестерінің құрметіне арналған мемориалға гүл шоқтарын қоюдан бастады.
Ғазиз Байтасовтың ерлігі еліміздің барлық полицейлері үшін батылдықтың және батырлықтың үлгісі.
…Бір сәт үнсіздік, үш рет атылған оқ, гүл шоқтарын қою – батырды құрметпен еске алуға СҚО Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер, 6637 әскери бөлімінің және ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының офицерлері, сондай-ақ жас полиция қызметкерлері жиналды. СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев атап кеткендей, Ғазиз Байтасовтың өмірі мен ерлігі ішкі істер органдарының жас және болашақ қызметкерлері үшін үлгі болмақ. Оның есімі қазақстандық полиция тарихында мәңгі қалады.
Айта кететіні, СҚО ПД Володарский көшесі, 18 мекенжайында орналасқан СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі және Әкімшілік полиция басқармасы ғимаратындағы жол полициясы музейінде 2015 жылы жары Гүлжамал Тәжиева мен ұлы Әділжан Байтасов берген Ғазиз Байтасовтың нысанды курткасы, фуражкасы және жұмыс дәптері сақталуда.