Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміржол вокзалдарында “Есірткісіз болашаққа” акциясы өткізілді

Еліміздің ең басты вокзалы “Нұрлы Жолда” елорданың Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен әзірленген “Есірткісіз болашаққа” республикалық акциясы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл іс-шараны полицейлер барлық облыстарда бір мезгілде теміржол вокзалдарында өткізуде.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков түсіндіргендей, акция есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдары туралы азаматтарды хабардар ету үшін ұйымдастырылған.

Акцияның форматы жолаушылар мен олардың туыстарын жолдан қалдырмайтындай етіп, осы ретте есірткі саудасының құқықтық салдары туралы ақпаратты барынша көп келушілердің назарына жеткізуге ыңғайланған.

Акция қызметтік иттері бар полицей-кинологтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, шығармашылық ұжымдардың, медиа тұлғалардың (спортшылар, әртістер және т.б.) қатысуымен өткізілді.

Ведомствода атап өткендей, жыл басынан бері екі мыңнан аса есірткі қылмысы, оның ішінде 1300 өткізу фактісі, аса ірі мөлшерде 360-тан астам сақтау фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 12,5 тонна есірткі, оның ішінде бес келіден астам героин, 9,4 тоннаға жуық марихуана, 380 келі гашиш, сондай-ақ 110 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

Акция соңында Ерлан Омарбеков “Қазақстан темір жолы” АҚ-ның басшылығына, жергілікті басқару органдарына осындай кең ауқымды іс-шараны өткізуде көмек және қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына буклеттер, кәдесыйлар, есірткіге қарсы символикалық футболкалар, бейсболкалар мен маскалар таратылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру