БҚО-да полицейлер жол қауіпсіздігіне бағытталған акция өткізді
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері белгілі блогер Әсел Мырзахметова және "Қазақстан студенттер Альянсы" жастар ұйымының өкілдерімен бірлесіп, жол қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлердегі 400-ге жуық пәтердің есігіне жол қауіпсіздігі жөніндегі жадынамалар ілінді. Сонымен қатар олар көшелер мен саябақтарда тұрғындармен, ата-аналармен және жаяу жүргіншілермен кездесіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу және жолда барынша мұқият болу қажеттігін түсіндірді.
Бұл – полицияның халықпен күнделікті байланысын нығайтып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысының бір көрінісі.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыруға тұрақты түрде назар аударып келеді.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – жолдағы тәртіпті күшейтіп қана қоймай, әр азаматтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Жолдағы тәртіп – ортақ жауапкершілік. Ал полицияның күнделікті жұмысы – осы жауапкершілікті қоғаммен бірге қалыптастыру.
